«ҚазМұнайГаз» бен «ҚазТрансОйлдың» экс-президенті Қайыргелді Қабылдиннің ұлы Мақсұт Хаким North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясындағы логистика жөніндегі бас менеджер қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
azh.kz порталының мәліметінше, Мақсұт Хаким бұл қызметке 2024 жылдың қазан айында тағайындалған.
МАҚСҰТ ХАКИМ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Ол – Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі. Мамандық бойынша білімі – «Газ және мұнай құбырлары мен қоймаларын жобалау, салу және пайдалану». Сонымен қатар, АҚШ-тың Хьюстон университетінен (University of Houston) МВА (іскерлік басқару магистрі) дәрежесін алған.
ЖҰМЫС ӨТІЛІ
Мақсұт Хаким кәсіби мансабын 2003 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы Chevron компаниясында бастаған. Кейін:
Agip KCO (Лондон),
Total (Париж) сынды шетелдік энергетикалық компанияларда жұмыс істеді;
Қазақстан мен халықаралық деңгейдегі бірқатар ірі компанияларда басшылық қызметтер атқарды, атап айтқанда:
«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС,
«ҚазТрансОйл» АҚ,
«Казстройсервис» ЖШС,
«Лукойл Орталық Азия»,
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (бас директордың кеңесшісі ретінде).
БҰҒАН ДЕЙІН
Мақсұт Хаким бұған дейін:
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның бас директоры,
«QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ-ның бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін де атқарған.
Оның NCOC компаниясынан не себепті кеткені әзірге нақты хабарланған жоқ.