Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Қазақстандағы киік саны жөнінде ресми есепті жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шәрбиевтің сөзінше, киікті қорғап, есепке алу бағытында мемлекет тарапынан қабылданған кешенді шаралар республика аумағындағы популяцияны сақтап, қалпына келтіру ісінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген. Мәселен, 2003 жылы киік саны небәрі 21 мың басты құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,8 миллион басқа жеткен. 2024 жылғы көктемгі есеп мәліметі бойынша, төлдеу алдындағы жалпы саны – 2 833 600 бас, бұл – Қазақ КСР кезеңіндегі рекордтық көрсеткіштен (1,2 млн бас) 2,5 есе көп.
2024 жылы мамырдағы төлдеуді есепке ала отырып, киіктердің шамамен алынған жалпы саны 4,1 миллион басқа жеткен. Оның ішінде:
Орал популяциясы – 2,3 млн бас;
Бетпақдала популяциясы – 1,6 млн бас;
Үстірт популяциясы – 92,2 мың бас.
2006 жылдан бастап Қазақстан Үкіметі киіктер мекендейтін аумақтарда 5 081 485 гектар жерді қамтитын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрып, олардың аясын кеңейтті. Атап айтқанда:
Бетпақдала популяциясын қорғау үшін – "Ырғыз-Торғай" және "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерваттары құрылған;
Орал популяциясы үшін – "Бөкейорда" резерваты ашылған.
Мемлекеттің жүйелі экологиялық саясаты нәтижесінде киік популяциясын қалпына келтіру ісінде орасан жетістікке қол жеткізілген: әлемдегі киіктердің 98%-дан астамы Қазақстан аумағында мекендейді.
Қазақстанның киікті сақтау жолындағы жетістіктері халықаралық деңгейде де мойындалды. 2022 жылғы 13 желтоқсанда биоалуантүрлілікке арналған COP 15 конференциясында Біріккен Ұлттар Ұйымы "Алтын дала" бастамасын әлемдегі ең үздік 10 табиғат қорғау бағдарламасының қатарына қосты. Ал 2023 жылғы 11 желтоқсанда Табиғатты қорғаудың халықаралық одағы киіктің статусын "жойылып кету қаупі төнген" санаттан "әлсіз күйдегі түр" санатына ауыстырды.
2006 жылдан бері Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Түрікменстан арасында Киікті сақтау, қалпына келтіру және тұрақты пайдалану жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум жұмыс істейді (Көші-қондағы жануарлар туралы Бонн конвенциясы – CMS аясында). Орал популяциясын қорғау мақсатында Ресейдің Табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізіліп, экологиялық дәліздерді кеңейту жөнінде келісімге қол жеткізілді, бірлескен жұмыс тобы құрылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.