Киіктердің өлексесін жүк көлігінен түсіріп жатқан видео: экология вице-министрі түсініктеме берді

Аян Өрібай
Ulysmedia коллажы

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев желіде киіктердің өлексесі түсірілген видео жөнінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Киік санын реттеу немесе қазіргідей қалдыру мәселесі талқыланған Астанадағы дөңгелек үстелден кейін Ulysmedia.kz тілшісі вице-министрден аталған видео жөнінде түсініктеме беруді өтінген.

Екі видео тараған. Ұлытаудағы Камазда тиелген өлекселердің видеосында өзі қырылған киіктердің өлексесі түсірілген. Қаңтардан бастап өлген киіктер. Қазір қырылып жатқан жоқ. Әдетте қыста қырылған киіктердің өлексесін қар кеткенде жиып алады да, кейін утилизацияға жібереді. Видеоға сол утилизация процесі түсірілген. Егер өлексе көметін орын толып қалса, әдетте арнайы шұңқырла қалғанының өлексесі өртеледі, – дейді ол.

Әлеуметтік желіге тараған екінші видео – аппақ киген адамдардың торға түскен киіктерді бауыздап жатқаны. Вице-министрдің айтуынша, бұл видео киікті аулауға рұқсат етілген 2023 жылы түсірілген. 

ЖЕЛІГЕ ТАРАҒАН ВИДЕО

Әлеуметтік желілерде бұған дейін киіктердің өлігі тиелген жүк көлігінің видеосы тараған еді. 

Видеокадрларда киік өлекселеріне толы жүк көлігін көруге болады. Өлікті көліктен еш сақтанбай лақтырып жатыр.

Жүрегі дауаламайтындар үшін бұл көріністерге қарау қиын. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы осы видеода не болып жатқанын нақты әрі түсінікті түрде түсіндіріп береді деп сенеміз, – деп жазады egov.press.

Бұл бейнематериалға орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті назар аударып, пікір білдірген. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бейнежазбада Ұлытау облысында киік өлекселерін кәдеге жарату процесі түсірілген.

Алайда жарияланым авторлары бұл мәлімдемемен келіспейді. Олардың айтуынша, видеода тек өлекселер емес, тірі киіктер де бар.