Атырау облысында Теңіз кен орнында жалақыны көтеруді талап еткен «Кәсіби таңдау» ЖШС-нің жұмысшылары 22 сәуірде таңғы сағат 7:30-да тарады. Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Кемел Иманғалиев хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ
Наразылық 21 сәуір күні таңғы сағат 7-де басталды. Жұмысшылар желіде видеоүндеу жариялап, жалақыны 50 пайызға көтеруді талап етті. «Кәсіби таңдау» – «Теңізшевройл» жобасының мердігері «Caspian Offshore Construction Realty» (COCR) компаниясын кадрлармен қамтамасыз ететін мекеме.
Кейінірек «Ақ Жайық» редакциясына жұмысшыларға қысым жасалып жатқаны туралы хабар келген.
- Жұмыс беруші талаптарды қабылдаудан бас тартып отыр. Керісінше, 180 адамды жауапқа тартпақшы. Белсенділерге ертең бөлімге келу туралы шақырту келіп жатыр. Келмеген жағдайда мәжбүрлеп алып кететінін ескертті, делінген хабарламада.
КЕЛІССӨЗДЕР МЕН УӘДЕ
Осы ақпарат негізінде журналистер еңбек инспекциясына хабарласып, жағдайды анықтауға тырысты. 21 сәуірде жұмысшылармен келіссөздерге аудан әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова, аудан прокуроры Еркебұлан Ермеков және еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубекеров қатысқан. Кемел Иманғалиевтің айтуынша, жұмыс беруші тарап жұмысшыларды қудаламауға және наразылық білдірген екі күн үшін жалақы төлеуге уәде берген.
Игілік Әубекеров жалақыны 100% көтеру туралы нақты талап болмағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, наразылыққа шыққан жұмысшылар екі топқа бөлінген: бір топ (120 адамнан астам) жалақыны 50 пайызға көтеруді талап етсе, екінші топ (90-ға жуық адам) жұмыс кестесін 28/28 күннен 14/14 күнге ауыстыруды сұраған.
КЕЛІССӨЗДЕН ТЫС ҚАЛҒАНДАР
Жалақыны көбейтуді талап еткен жұмысшылар келіссөз залына кіруден бас тартты. Олар «бұйрықты жазбаша түрде алып келсін» деген талап қойған. Компания басшылығы оларды ішке шақырып, бір күнге демалыс беріп, мәселені талқылайық дегенімен, жұмысшылар тек далада талқылаймыз деп көнбеген. Кейін жұмысқа шықпаған жағдайда еңбек тәртібін бұзған болып есептелетіні туралы ескерту алған. Алайда жұмысшыларға ешқандай жаза қолданылмайтыны жайлы ауызша уәде берілгеннен кейін ғана олар тарады.
14/14 КЕСТЕСІН СҰРАҒАНДАР
Вахталық әдісті 14/14 кестесіне ауыстыруды талап еткен екінші топ кеңседегі мәжіліс залына кіріп, талаптарын айтты. Компания басшылығы олардың талабын тыңдап, шешім іздеуге уәде берген. Мемлекеттік органдардың қатысуымен қойылған талаптар үшін ешкім қудаланбайтынын айтып сендіргеннен кейін ғана жұмысшылар жатақханаға оралған.
ЖАЛАҚЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕДІ
Жалақыны 50 пайызға өсіру туралы мәселе әлі шешілмеген. Компания өкілдері жыл сайын нарықты саралап, соның негізінде жалақыны өсіретіндерін айтқанымен, нақты қанша пайызға өсетіні әзірге белгісіз. Әубекеровтің айтуынша, бұл шешім талдау нәтижесіне қарай қабылданады.
Алдын ала зерттеу бойынша, өзге компанияларда осындай жұмысқа берілетін жалақы деңгейі сәл жоғары немесе 5-10 мың теңгеге төмен болуы мүмкін екені анықталған.
АЙЛЫҚҚА НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ
14/14 кестесімен жұмыс істейтіндер шамамен 260 000 теңге, ал 28/28 кестесімен – 500 000 теңгеден аса жалақы алады. Жалақы көлемі лауазым түріне байланысты.
Мысалы, жүк тиегіш операторлар 14/14 кестесі бойынша «Кәсіби таңдауда» 266 550 теңге алса, басқа компанияларда 257 800 – 270 000 теңге аралығында алады. Бұл ақпарат нақты болғанымен, ресми түрде коммерциялық құпия ретінде сақталады.
КОМПАНИЯ ТУРАЛЫ
Қазіргі таңда «Кәсіби таңдау» ЖШС-нің құрамында 2700-ден астам қызметкер бар. Бұл компания COCR-мен серіктес ретінде оларды Теңіз кен орнына жұмысқа орналастырып отыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, күні кеше Теңіз кен орнының жұмысшылары жалақыcын көтеруді талап еткенін хабарлаған едік.