Басымыздан біреу бөтелкемен ұрса, депутаттық иммунитет бізді қорғамайды — Базарбек

Аян Өрібай
Асқар Ахметуллин

Депутат Бақытжан Базарбек экс-депутат Руслан Берденовке жасалған қастандықты қауіпті тенденция деп атап, мәжілісмендер де қорғалмағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕД ДЕЙДІ

Бұл – қауіпті тенденция. Демек бұл жерде ешкім де қорғалмаған. Әсіресе, мәжіліс депутаттары қорғалмаған. Біз мына жерде кім қанша жеп кеткенін, халықты қалай тақырға отырғызып кеткенін, қаншама миллиард желінгенін айтып жатырмыз – ол кімге ұнайды? Ең оңайы – жеген шенеуніктер біреуді жалдайды да, “мынаған қоқан-лоқы жаса” дейді. Сондықтан ең біріншіден, халықтың үнін мемлекетке жеткізіп жатқан депутаттар, – дейді ол Мәжіліс кулуарында.

Бақытжан Базарбек депутаттық иммунитет деген бар дегенімен, ол тек қылмыстық қудалаудан ғана қорғайтынын айтады.

Азаматтық істерден бізді иммунитет қорғамайды. Бірақ, сыртқы күштер мынаны пайдаланып бізге қысым көрсетіп отыр. Болашақта қысым көрсете де береді. Сондықтан біз қылмыстық кодексте депутаттың жұмысына араласу, кедергі келтіру, қысым жасау фактілері бойынша жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Себебі біз қорғалмағанбыз. Үйәмізге қайтып бара жатқан кезде басымыздан біреу бөтелкемен ұрып жіберсе, “иммунитет” бізді қорғамайды, – деді ол.

БЕРДЕНОВКЕ ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ

21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігінің маңында қала әкімініңорынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды.

Оқиға шамамен сағат 20:30-да болған. Зардап шеккен шенеунік оң жақ саны мен иығына оқ тиген жарақатпен шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, дереу ота жасалды. Дәрігерлер оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Оқ атқан күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалалық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға сәйкес, күдікті Руслан Берденов күдіктінің әйеліне қырындаған-мыс. Қастандық сол үшін жасалған деген бейресми ақпарат тараған. Бірақ әкімдік мұны жоққа шығарады.

Ulysmedia.kz бұған дейін Қазақстанның бизнес кеңістігінде жақында ғана пайда болған жаңа ойыншы Қайрат Итемгенов жайлы жазғанда оның Руслан Берденовпен байланысы жөнінде де атап өткен еді.