Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты блогер-актердің ісі бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КӨПТІ ШУЛАТҚАН ВИДЕО
Сәуір айында сотқа YouTube платформасында жарияланған «Департамент Ганюшкино» сериалындағы блогердің бейнежазбасы бойынша әкімшілік іс түскен. Видеода блогер Әли-Әскер Байғожин (Qasqir_kz) рөлін сомдап, бейәдеп сөздер қолданған.
БЛОГЕРДІҢ ПОЗИЦИЯСЫ
Блогер өз кінәсін мойындамады. Ол тек сценарий бойынша рөлін ойнап, ешкімді қорлау ниетінде болмағанын айтты.
СОТ ШЕШІМІ
Сот талқылауы барысында блогердің тек сценарий мәтінін орындағаны анықталды. Ол бейнероликте өзге кейіпкермен диалогта (отбасы мүшесі рөлінде) сөйлескен. Осыған байланысты, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе біреуді қорлау ниеті болмаған деген тұжырым жасалып, іс тоқтатылды.
БАЙҒОЖИН ДЕГЕН КІМ?
Әли-Әскер Байғожин – Qasqir_kz лақап атымен танымал блогер. Ол Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының түлегі және Атырау облыстық ҰҚК департаментінде алты жыл қызмет атқарған. Қызметтен кеткеннен кейін, әлеуметтік желілерде күштік құрылымдардың күнделікті өмірі жайлы юморлық жанрда бейнероликтер жариялай бастаған.