2025 жылғы 25 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен Кремльде кездесті. Бұл – 2025 жылдың ақпанынан бергі төртінші реткі жүздесу. Бұған дейін олар Санкт-Петербургте кездесіп, Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жиынға Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков пен РФ тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев те қатысты. Уиткоффтың ұшағы Мәскеудің Внуково әуежайына 25 сәуір күні таңертең қонған.
ТРАМП АШЫҚ АЙТТЫ: "ҚЫРЫМ – РЕСЕЙДІКІ!"
Уиткоффтың Мәскеуге сапары күні Time журналына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп Путинмен және Зеленскиймен бейбіт келісімге келуге сенетінін айтты. Ол:
"Біз Мәскеумен жақсы келіссөздер жүргіздік. Келісімге келуге жақынбыз" – деді.
Сонымен қатар Трамп Украинадағы соғысты алғашқы күні тоқтатамын деген уәдесін "мысқылмен айтылған образ" деп түсіндірді. Бұған қоса, Крымның Ресейге тиесілі екенін ашық мойындап:
"Қырым ұзақ уақыттан бері Ресеймен болды. Бұл баршаға белгілі" – деді.
ТРАМП ҚАПАЛЫ: ПУТИННІҢ ҚАТҚЫЛДЫҒЫ КЕЛІССӨЗГЕ КЕДЕРГІ
The Wall Street Journal дерегінше, Ақ үй көмекшілері Путиннің келіссөзге бейімділігінің төмендігін Трамптың ызасын келтіріп отырғанын айтқан. 24 сәуірде Ресей армиясы Киевке ауқымды шабуыл жасағаннан кейін, Трамп Truth Social желісінде Путинге:
"Тоқта және бейбіт келісімге кел!" – деп үндеу жолдады.
WSJ мәліметінше, Трамптың соғысты тоқтата алмауы оның әрекеттерін шектеулі етіп, Мәскеуге белгілі бір жеңілдіктер жасауға мәжбүрлеуде.
ЛАВРОВ: "РЕСЕЙ АМЕРИКАМЕН КЕЛІСІМГЕ ДАЙЫН"
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров CBS арнасына берген сұхбатында:
"Мәскеу келісім жасауға әзір, бірақ кейбір шарттар әлі де нақтылауды қажет етеді" – деді.
Сонымен қатар, Лавров Трампты "соғыстың шынайы себептерін мойындаған жалғыз әлемдік көшбасшы" деп атады және екі жақтың дұрыс бағытта келе жатқанын жеткізді.