Жарығы мен интернеті жоқ ауылдарға да «Сергек» қоймақ

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстанда электр энергиясы мен интернет жоқ жерлерде бақылау камераларын орнату мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАРЫҒЫ ЖОҚ ЖЕРЛЕРГЕ ДЕ “СЕРГЕК” ҚОЙЫЛАДЫ

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин хабарлады.

Бұған дейін Sergek Group компаниясы күн модулінің көмегімен бақылау камералары қалалық электр энергиясына қосылусыз жұмыс істей алатынын жариялаған болатын. Күн панелі күн сәулесін электр энергиясына айналдырады. Бұл құрылғы пилоттық жоба аясында Жетісу облысының Жайпақ ауылында орнатылды.

Журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Қаныш Төлеушин бұл технологияны Қазақстанның әр өңірінде қолдануға болатынын айтты. 

Вице-министрдің айтуынша, бұл технологияны кең көлемде қолдану жоспарланып жатыр. Ол жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағдарламасы туралы да еске түсірді. Бұл бағдарлама Энергетика министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан іске асырылып жатыр. 

Сонымен қатар, Қаныш Төлеушин шетелдік инвесторлардың бұл салаға қызығушылық танытып отырғанын айтты. Мысалы, ОАЭ-ден келген Masdar халықаралық компаниясы Қазақстандағы жаңартылатын энергия қуаттарын дамыту үшін ірі инвестициялар ұсынды.