Шымкент ішкі саясат және жастар істер жөніндегі басқарма басшысы Әйгерім Жұмағұлова лайк дауынан кейін “Жастар ресурстық орталығының” директоры Марат Сыпатаев неге қызметінен кетпегенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әйгерім Жұмағұлова "Жастар ресурстық орталығының" директоры қызметкерлерді "лайк басыңдар" деп мәжбүрлегенін және осы әрекеті үшін жазаланғанын растады. Ол қазір арнайы комиссия құрылып, орталықтың жұмысы тексеріліп жатқанын айтты.
– Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр, егер орнынан алуға негіз болса, аламыз. Ол өзі бұл оқиғадан кейін ұялды, келді. "Кешіріңіздер мені, біз сіздерді жерге қараттық. Біздің кесірімізден әкімдікке, бүкіл Шымкентке дақ тиді " деп өзінің жұмыстан шығу туралы өтінішін алып келді, – деді ол.
Жұмағұлова қазіргі уақытта Сыпатаев ақысыз еңбек демалысында екенін айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте "лайк баспаған " қызметкерлер қудаланып жатқанын жазған едік.
Қызметкерлердің айтуынша, басшылық әлеуметтік желідегі белсенділікті, яғни "лайк" басу-баспауын қатаң бақылауға алып, мұны орындамаған әріптестеріне қысым көрсетіп, ресми ескерту жасап жатқан көрінеді.
ЖАС МАМАН ҚЫСЫМҒА ШЫДАЙ АЛМАЙ ҚҰЛАП ҚАЛДЫ
Кейбір қызметкерлердің жүйкесі сыр беріп, денсаулығы нашарлаған. Бүгін ғана осындай қысымға шыдай алмаған орталық қызметкерінің бірі есінен танып, жедел-жәрдем шақыруға тура келген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
Кейінірек өңірдің ішкі саясат басқармасы жағдайға қатысты пікір білдірді.