Франция президенті Эммануэль Макрон Украина президенті Владимир Зеленскиймен Римдегі кездесуі туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Мемлекет басшылары Рим Папасы Францисканың жерлеу рәсімінде кездескен. Макрон әлеуметтік желілерде Зеленскиймен соғысты тоқтату мәселесіне қатысты пікір алмасқанын жазды.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Украинадағы соғысты тоқтату – біз президент Трамппен бірге көздейтін ортақ мақсат. Украина оқ атуды сөзсіз тоқтатуға дайын. Президент Зеленский бүгін маған мұны растады. Ол бұл үшін америкалықтармен және еуропалықтармен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті, – деп жазды Макрон.
Франция көшбасшысы енді Владимир Путиннің бейбітшілікті шын мәнінде қалайтынын дәлелдеуі керек екенін атап өтті.
– Біз былтыр наурызда Парижде құрылған "Ерік коалициясы" аясында атысты тоқтатуға және Украинада толық әрі берік бейбітшілік орнатуға күш салуды жалғастырамыз, – деді Макрон.
Еске салайық, мұның алдында Зеленский мен Трамп Римде бетпе-бет кездескенін жазған едік.
Ақ үйдің коммуникациялар жөніндегі директоры Стивен Ченгтің айтуынша, қосымша мәліметтер сәл кейінірек жарияланады. Мемлекет басшылары бір-біріне қарама-қарсы отырып, Әулие Петр базиликасында қысқа кездесу өткізген. Кейін оларға Макрон мен Стармер қосылды. Ал Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоровтың айтуынша, кездесу шамамен 15 минутқа созылған.