Қазақстандық танымал PR-маман, блогер Әлішер Елікбаев актер Серік Шәріптен алған сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде сынның астында қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Әлішер Елікбаев Алматыдан Астанаға көлікпен сапар шеккен кезде актер Серік Шәріптен сұхбат алған. Айта кетейік, бұған дейін Шәрип (көпшілікке “Шакенти” лақап атымен белгілі) әлеуметтік желіде бұрынғы сүйіктісіне агрессиялық әрекет көрсеткені үшін үлкен дау тудырған болатын.
ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ
Бұл сұхбат Қазнет қолданушылары арасында әртүрлі реакция туғызды. Threads желісінде Елікбаевқа қатысты сын пікірлер қарша жауды. Белгілі блогер Нағима Ахметова (Нағимуша) Елікбаевты “агрессордың әрекетін заңдастырып отыр” деп айыптады.
– Қоғамда сыйлы адам саналатын Әлішер секілді тұлға зорлық фактісінен кейін бір ай өтпей агрессорды сұхбатқа шақырып, оны “құрбан” ретінде көрсететін әңгіме айтып отырса, ол оның әрекетін заңдастырады. Агрессордың имиджін жуып, оны “бейшара жігіт” ретінде қайтадан қоғам алдына шығаруға көмектеседі. Бұл арқылы ол өзінің көп жылдық еңбегімен қалыптасқан беделіне де көлеңке түсіреді. Әлішер қайырымдылықпен, әлеуметтік жобалармен айналысып, халықтың сеніміне ие болған еді, – деп жазды ол.
ШӘКЕНТИ ДАУЫ
Еске салайық, сәуір айының басында блогер Әлия Бөтеева Серік Шәріптің агрессиялық әрекеті туралы айтып, видео да жариялады.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, актерге қатысты cancel culture мәдениеті басталды. Salem Entertainment медиакомпаниясы онымен барлық ынтымақтастықты тоқтатып, актерді қара тізімге енгізді.