Трамп Зеленскиймен не туралы сөйлескенін ашып айтты

Сымбат Сатыбалдина
Фото: AP

АҚШ пен Украина көшбасшылары Ватиканда кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Дональд Трамп пен Владимир Зеленский Әулие Петр соборында, Рим Папасы Францисктің жерлеу рәсімі кезінде шамамен 15 минут әңгімелесті. Трамптың айтуынша, бұл кездесу "өте нәтижелі" болған. Оның сөзінше, Владимир Зеленский "байсалдырақ бола бастаған" және "қазіргі жағдайды жақсырақ түсінеді".

Трамп Зеленскийдің Украинаға қару жеткізуді сұрағанын атап өтті. Ал Трамптың өзі бұл мәселедегі шешім Ресей тарапынан бейбіт келіссөздерге байланысты қабылданатынын мәлімдеді.

– Не болатынын көрейік. Мен Ресей жағынан қандай әрекеттер болатынын бақылағым келеді, – деп келтіреді Трамптың сөзін "Коммерсантъ" басылымы.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Владимир Зеленский Киевтің Қырымды күшпен қайтару үшін қажетті қару-жарағы жетіспейтінін мәлімдеген еді.

Сондай-ақ ол АҚШ-тың Украинаға қосымша Patriot зениттік-зымыран кешендерін жеткізуден бас тартқанына наразылық білдірді. Зеленский Израиль секілді басқа елдерге осындай қарулар берілгенін айтып, Киевтің 10 кешенді 15 миллиард долларға сатып алуға дайын екенін жеткізді. Bild басылымының мәліметінше, Трамп қару сатудан бас тартып, мәселені Ресеймен келіссөздер арқылы шешуге басымдық берген.