Украина соты Ресейге қашқан экс-президент Януковичті 15 жылға соттады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Киевтегі Подольск аудандық соты Виктор Януковичті мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен және әскери қызметкерлерді дезертирлікке итермелегені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2014 жылдың 23 ақпанында Янукович Ресей өкілдерінің келісімі мен көмегі арқылы өзінің ең жақын айналасындағы адамдарды және мемлекеттік күзет қызметінің бір бөлігін Украинадан эвакуациялаған.

Ол шекараны ресми өткізу бекеттерінен тыс кесіп өткен: тікұшақ колоннасы Донецк облысындағы Урзуф ауылы маңынан ұшып шығып, Ресейдің Ейск қаласындағы әскери аэродромға қонған. Одан әрі Янукович Қырым арқылы теңіз жолымен Ресейге жеткізілген. Бұрынғы президентпен бірге бірнеше мемлекеттік күзет офицері де дезертирлік жасаған.

Бұл — Виктор Януковичке қатысты шығарылған екінші сырттай үкім. Бұған дейін, 2019 жылы, ол мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

ЯНУКОВИЧ ДЕГЕН КІМ

Виктор Янукович — Украинаның бұрынғы президенті. Ол 2010–2014 жылдары Украина президенті қызметін атқарған. Саяси карьерасында Янукович Ресейге бейім ұстанымымен және Батыс елдерімен интеграцияға аса ықылас танытпаған саясаткер ретінде танылды.

2014 жылдың басында Украинада "Еуромайдан" деп аталған жаппай халықтық көтеріліс басталды. Бұл наразылықтар Януковичтің Еуропалық Одақпен ассоциация туралы келісімнен бас тартуына және Ресеймен жақындасу саясатына қарсы шыққан еді. Нәтижесінде, ақпанда Янукович биліктен шеттетілді де, өзі елден қашып, Ресейге бас сауғалады.

Кейін Украинада оған қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда:

  • Мемлекетке опасыздық жасау,

  • Заңсыз түрде мемлекеттік шекараны кесіп өту,

  • Әскери қызметкерлерді дезертирлікке итермелеу және басқа да айыптар тағылды.

Украина соттары Януковичті сырттай (яғни оның қатысуынсыз) бірнеше рет кінәлі деп танып, түрме жазасына кесті.

​2025 жылдың сәуіріндегі ресми мәліметтерге сәйкес, Виктор Янукович Ресейдің Мәскеу облысындағы Одинцово ауданында орналасқан Барвиха ауылында тұрып жатыр. Бұл ақпаратты Украина Бас прокуратурасының Майдан істері департаменті басшысының орынбасары Денис Иванов растаған.