"Абзал "ештеңе айтпаңдар" деді". Шерзат сотында үшінші куәгер жауап бере бастады

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі бүгін түстен кейін де үзілістен кейін жалғасты. Бұл жолы үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев жауап бере бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. 

- Біз сол күні достарымызбен Талғардағы әкімдіктің алдында тұрғанбыз. Кейін Қазыкенов Арланға (куәгердің досы) хабарласып, әңгімелесіп тұрдық. Артынша Данияр есімді досымның анасы хабарласты. Анасы Талғарда төбелес болып жатқанын айтып, біздің қайда жүргенімізді сұрады. Орталықта тұрғанымызды айттық. Оқиға болған жерге үш көлікпен бардық. Біз келгенде екі адам жерде жатты. Көршілері мен 20 шақты адам жүрді. Екі адам арқасымен жатты. Екеуі тірі болған. Артынан Sonata көлігі келіп, сол екі адамды алып кетті. Сол жерде әйел адам қызғылт түсті бас киім мен жасыл түсті гильзяны алып кетті. Олар көлікке отырып, кетіп қалды. Кейіннен полиция мен жедел жәрдем келді. Көршілерінің айтуынша, оқиға орнында мерседес көлігі тұрған, дейді куәгер. 

Артынша куәгердің досы Арлан сотталушы Нұрқиясқа хабарласуды ұсынған. 

- Арланның көлігіне отырып, ауылға қарай кетіп, Нұрқиясты алып кету керегін айтты. Келіп едік 6-7 адам жүрді. Ол жерде Гольф және қара түсті Мерседес көлігі болды. Келіп амандаса бастадық. Қараңғы болды, Нұрқияс көлікте күтіңдер деді. Бес минуттан кейін бізге келіп “кеттік” деді. Біздің көлікке Абзал Шынасылов пен бейтаныс қыз отырды. Төмен қарай кеттік. Мерседес көлігі біздің артымыздан келе жатып, бір кезде жоқ болып кетті. Сосын Нұрқияс “бұрылып, мерседестің ізіне түс” деді. Абзал, Нұрқияс пен бейтаныс қыз көліктен шығып кетіп, Равиль (сотталушылардың бірі) мен тағы бір бейтаныс біздің көлігімізге отырды. Біз төмен қарай түстік, Мерседестің артынан келдік, сол жерде полицейлер жүрді, дейді куәгер. 

Куәгер көлікте сотталушылар отырған кезде әңгімелерін тыңдамағанын айтты. 

- Сотталушылардың іске қатысы барын білмедім. Көлікте отырған кезімізде Шынасыл Абзал “ештеңе айтпаңдар” деді, дейді Розыбакиев. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Ол – қанды түні сотталушылармен бірге көлікпен «Қамажай» дүкенінің алдына келген. 

Дана Жақсыкелді сотталушылардың ішінде Нұрқияс, Равиль, Абзалды танитынын, Азамат пен Нұрбол Тоқтаубаевты жақын танымайтынын айтты.  Куәгердің айтуынша, осыдан кейін өзі көлікке отырған. Өзі мылтық үнінен қорыққанын айтады. Неге полиция шақырмадыңыз деген сұраққа куәгер “бір жағынан мылтықты бірінші рет көріп, атылғанын бірінші рет естідім. Өз өмірім үшін қорықтым” деп жауап берді.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.

Ulysmedia.kz порталынан материал көшіргенде гиперсілтеме қою міндетті!