Жеке меншіктегі Шет Энергоны мемлекет тартып алмақ па

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Шет-Энерго компаниясы мен әкімдік арасындағы текетірес жөнінде сұраққа жауап берді. Ол әкімдіктің позициясын қолдайды. Бірақ Шет-Энерго компаниясының да айтар жауабы бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Қазақстанның ақпарат кеңістігінде Қарағанды облысының Шет ауданында төтенше жағдай режимі енгізілгені жөнінде ақпарат тарады. Тараған ақпараттарда аудан деңгейіндегі энергетикалық коллапс туындаған. Аймақ билігі болған жайтты электр энергиясын жеткізуші «Шет-Энерго» ЖШС-ден көреді, тіпті энергиямен қамту компаниясын мемлекет меншігіне беру ниетті екенін білдірген. Алайда «Шет-Энерго» басшылығы мұндай айыптаулардың негізсіз екенін мәлімдеп, кәсіпорынды рейдерлік жолмен басып алу әрекеті болуы мүмкін дегенге меңзеген-тін. Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселе жөнінде Ерлан Ақкенженовке сұрақ қойды.

Мұны рейдерлік деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, ол – қайтару комиссиясының шешімі. Шет-Энерго жекеменшік қолда болғанда тұтынушыларға үлкен әсерін тигізді. Жаңбыр, қар жауса немесе жел көтерілсе, жарық сөніп қалады. Инвестициялар жоқ. Біз жайдан-жай шешім қабылдаған жоқпыз. Әрине, анализ жасадық. Тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамту үшін біз осындай мәжбүрлі әрекеттерге барып жатырмыз, – дейді ол.

Министрдің айтуынша, Шет-Энергоның проблемасы ауқымды. Сымдары, құрылғылары тозған. Үлкен инвестиция керек.

Әзірге бізде осындай шешім бар. Әуелі сот шешім қабылдауы керек. Содан кейін біз барлық жоспарды сот шешімі арқылы басқа қадамдарды жасаймыз. Ол әлі мемлекеттің меншігі емес. Әлі қайтарылған жоқ. Түпкі бағалау үшін әуелі қайтарып, содан кейін бағалау керек. Қазіргі таңда Шет-энерго апаттық жағдайда, – дейді ол.

АУДАН ӘКІМДІГІ БІЗГЕ ҚИЯНАН ЖАСАП ОТЫР

Министрдің осы жауабынан кейін Ulysmedia.kz тілшісі Шет-Энерго компаниясының атқарушы директоры Ғазиз Әміровпен тілдескен. Ол компанияда ештеңе тозып жатқан жоқтығын айтады. 

Егер олар айтып отырғандай 90 пайыз тозса, ол жерден тоқ өте алмас еді. Керісінше, 2019-2025 жылға дейін 40 шақты КТП-трансформаторлар ауыстырылды. Желілерді жаңарту жұмыстары жыл сайын мезгілімен жүргізіліп отырады. Әкімдіктің жазып жатқан шағымдары мен ақпараттары заңды деуге келмейді. Біз электро жабдықтау ұйымынан 8 жыл бойы біз бір тиын ақша алған жоқпыз. Өзіміздің қаражатқа жөндеп жатырмыз. Ешкімнен Шет-Энергоға ақша түсіп тұрған жоқ. Соған қарамастан жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, – дейді ол.

Ғазиз Әміровтің айтуынша, сот шешімі Шет-Энергоның пайдасына шешілген. 

Олар қазір 400 млн теңгені бірден аударып бере алмайды. Бірақ сот шешімімен қанша өндіреді – соған қарай жұмыс істеп жатырмыз. Ал бұл жерде халықтың жарығы өшіп, Шеттің әкімі ТЖ жариялады ғой. Бірақ қазіргі күнге дейін ондай апаттар, жарты күнге сөніп қалу деген орын алып жатқан жоқ. Қазір дәлелдің бәрі бар. Төленбеген ақшаны алып жатырмыз. ТЖД-ны да сотқа бердік. Қандай шешім шығаратынын көреміз. Біржақты жамандай беруге болмайды, – дейді ол.

Компанияның атқарушы директоры үзілген сымдар қалпына келтіріліп, халыққа қызмет көрсетіліп жатқанын айтады. Компанияда қазір 38 адам істейді.

Аудан әкімі бізге қиянат жасап отыр. Оны жасырмаймыз. “Жарықты өшіріп кіреміз” дейді. Министрлікке (энергетика) дұрыс ақпарат жетпей отыр. Жаман атты қылып, біржақты ақпарат берген. ЖРЭК-пен бес айдан бері келісімге келтірмей отыр. Бірақ бес айдан бері халыққа тоқты тегін беріп отырмыз. Өйткені бұл жерде халық тұр. Неше түрлі сылтау айтады. Біз оларды сотқа беріп, келісімге отырмақпыз, – дейді Ғазиз Әміров. 

ШЕТ АУДАНЫНДАҒЫ АХУАЛ

Осыдан біршама уақыт бұрын Қазақстанның ақпарат кеңістігінде Қарағанды облысының Шет ауданында төтенше жағдай режимі енгізілгені жөнінде ақпарат тарады. Тараған ақпараттарда аудан деңгейіндегі энергетикалық коллапс туындаған. Аймақ билігі болған жайтты электр энергиясын жеткізуші «Шет-Энерго» ЖШС-ден көреді, тіпті энергиямен қамту компаниясын мемлекет меншігіне бермек ниетте екенін білдірген. Алайда «Шет-Энерго» басшылығы мұндай айыптаулардың негізсіз екенін мәлімдеп, кәсіпорынды рейдерлік жолмен басып алу әрекеті болуы мүмкін дегенге меңзейді. Мұндай болжам орынды ма, жоқ па деген сұраққа Ulysmedia.kz тілшісі осы мақалада жауап іздеп көрген еді.

Бұған дейін депутат Асхат Аймағамбетов өзі туған Шет ауданының жарық мәселесі заң жүзінде шешілуі керек деп мәлімдеген.