Әнші Биназир Ермаганбетова Instagram парақшасында бейнеүндеу жариялап, Алматы қаласы Медеу аудандық полициясының әрекетіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға 2025 жылдың 29 қаңтарында Алматыда болған. Биназир Ермаганбетованың айтуынша, көршісі үйдің жанындағы дүкеннің алдында оны жұдырықпен ұрған. Әнші дереу полицияға жүгінген.
Наурыз айында өткен сотта көршінің кінәсі дәлелденді. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 1-бөлігі ("Побои") бойынша айыпталып, 20 АЕК (шамамен 70 мың теңге) көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Кейін көршісі қарсы арыз жазып, Биназирді ұрып-соқты деп айыптады.
"Медеу аудандық полициясының әрекеті бойынша, мен өзімді қорғай алмауым керек еді. Көршім шабуыл жасағанда, мен мүгедек болып қалуым немесе өліп кетуім керек еді. Бірақ аман қалғаным үшін, полиция мені көршімді ұрды деп кінәлап отыр", – деді Биназир.
Оның айтуынша, қаңтар айының соңында көршісі оған шабуыл жасап, ол маңдайынан қатты жарақат алған. Ал көршісі еш жарақат алмаған.
ПОЛИЦИЯНЫҢ ӘРЕКЕТІНЕ НАРАЗЫЛЫҚ
Биназир ары қарай былай деді:
"Мен Медеу аудандық полиция бөлімінің бастығына өтініш жаздым. Бірақ полиция қызметкері өтінішімді тіркемей, шешімді өзі қабылдап, менің өтінішімді қанағаттандырмады. Менің келісімімсіз қосымша сараптама тағайындалып, мені және адвокатымды хабардар етпеген."
Әнші екі ай өткен соң ғана көршісі "бас сүйек-ми жарақаты" және басқа да жарақаттар туралы анықтама көрсеткенін айтты. Ол бұл уақыт аралығында көршінің басқа жарақаттар алуы мүмкін екенін алға тартты.
"Аудандық тергеуші бірнеше рет маған құжаттарға кері күнмен қол қоюды талап етті. Бұл заңды өрескел бұзу болып табылады. Сонымен қатар, полиция тарапынан маған жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетілді", – деп мәлімдеді Биназир.
Әнші көршісінің бұрынғы ҰҚК қызметкері екенін де еске салды. Оның айтуынша, көршісі кінәсін мойындап, сот үкімі шықса да, полиция оны "орта деңгейдегі дене жарақатын әдейі келтірді" деп айыптауда.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Әйел адамның арызы бойынша ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен ол кінәлі деп танылды. Ал ер адамның қарсы шағымы негізінде әйелге қатысты да қылмыстық іс қозғалды", – делінген полицияның ресми мәлімдемесінде.
Полиция істердің сотқа жолданғанын хабарлады.