ҰБТ-2025: Кімге қосымша 40 минут беріледі

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Биылғы негізгі ҰБТ-ға өтінім қабылдау аяқталды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, тестілеу 16 мамыр мен 7 шілде аралығында өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘР ТҮЛЕККЕ ҰБТ-НЫ ЕКІ РЕТ ТАПСЫРУ МҮМКІНДІГІ БЕРІЛЕДІ

Барлық талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді.

216 МЫҢ ТАЛАПКЕР ӨТІНІМ БЕРДІ

ҰБТ-ға қатысу үшін шамамен 216 мың талапкер өтінім берді, ал екі мүмкіндікті ескергенде қабылданған өтінімдер саны 399 мыңға жуықтады.

ЕҢ ТАНЫМАЛ ПӘН КОМБИНАЦИЯЛАРЫ

Талапкерлердің 16,5%-ы "Математика – Физика", 15,6%-ы "Биология – Химия" пәндерін таңдады. Ал 9,7%-ы "Математика – Информатика" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған пәндер - "Химия – Физика" (бар болғаны 285 адам).

ҰБТ ФОРМАТЫ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛАДЫ

Тест сұрақтары саны 120 болып қала береді:

  • "Қазақстан тарихы" бойынша – 20 сұрақ,

  • "Оқу сауаттылығы" – 10 сұрақ,

  • "Математикалық сауаттылық" – 10 сұрақ,

  • Әрбір бейіндік пән бойынша – 40 сұрақтан.

Максималды ұпай саны – 140 балл.

ШЕКТІ БАЛДАР САҚТАЛАДЫ

Түсу үшін қажетті ең төменгі баллдар:

  • "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" үшін – кемінде 75 балл,

  • "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" үшін – кемінде 70 балл,

  • Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл,

  • Басқа ЖОО-ларға түсу үшін – кемінде 50 балл.

ТЕСТІЛЕУ УАҚЫТЫ ЖӘНЕ ҚОСЫМША МҮМКІНДІКТЕР

ҰБТ 4 сағатқа (240 минут) созылады. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға қосымша 40 минут беріледі.

Тестілеу кезінде талапкерлерге калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесінің электронды және қағаз нұсқалары ұсынылады.

АПЕЛЛЯЦИЯ ТӘРТІБІ

Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде тест сұрақтарына қатысты апелляция беру мүмкіндігі бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тестілеу кезінде де қабылданады. Сертификат апелляция нәтижелері шыққаннан кейін жеке кабинетте қолжетімді болады.

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ҚАТАҢДАТЫЛАДЫ

Тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды алып кірудің алдын алу үшін талапкерлерді кіреберісте қол және рамалық металліздеушілермен тексеру жүргізіледі. Аудиторияларда мобильді және радио сигналдарды бұғаттау құрылғылары орнатылады және бейнебақылау жүргізіледі.

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ТАЛДАУЫ ҚАЗАН АЙЫНА ДЕЙІН ЖҮРГІЗІЛЕДІ

ҰБТ-дан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларды талдау жоспарланған. Егер ереже бұзу анықталса, талапкердің нәтижесі жойылады.