Шерзат сотында Қаржаубайға сыра үшін ақша жіберген куәгер жауап берді

Сымбат Сатыбалдина
Видео кадры

Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне тағы бір куәгер Бекнұр Асқарбек келіп, тараптардың сұрағына жауап бере бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КУӘГЕР НЕ ДЕЙДІ

Бекнұр сотталушы Дархан мен Думанды ғана танитынын айтты. 

- Дархан жездемнің көршісі. Думанмен бір мектепте оқығанбыз. Жеке араздықтарымыз болған жоқ. Жәбірленушілерді танымаймын. 3 қазан күні кешкі уақытта жездем хабарласып, Дархан хабарласады, мың теңге салып жіберші деді. Артынан Дархан хабарласып, нөмір жіберіп, мен ақша салып жібердім. Ақшаны апам Светлананың атынан жібердім. Ақша не үшін керегін айтпады. Сол күні дүкенде болған жайт туралы білмедім. Тек кейін естідім, Мен ақша жіберген кезде нөмірде Жұмабике деп шығып тұрды, дейді куәгер.  

Айта кетейік, куәгер кәмелетке толмағандықтан судья оның бет-әлпетін көрсетуге тыйым салды. 

Сонымен қатар, сот отырысына Светлана Қалтаева келді. Ол Қаржаубайға ақша түскен шоттың иесі. Ол сотталушыларды да, жәбірленушілерді де жеке танымайтынын айтты. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді. 

Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры. 

Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. 

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.