Үкімет отырысында бүгін денсаулық сақтау мәселесі талқыланды. Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерде тапшы мамандармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселесіне жеке тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МАМАНДАР МӘСЕЛЕСІ
Министрдің айтуынша, ауылды елдімекендерге жұмыс істеу үшін келген денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді. Мәселен, 2024 жылдан бастап ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне 100 айлық ең төменгі жалақы (ЕТЖ), яғни 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма іске асырылып жатыр. Алайда бүгінгі күні төлемдерді төлеу бойынша шешімдер кейбір өңірлерде әлі күнге дейін қабылданбаған, – дейді Әлназарова.
МЕДИЦИНА НЫСАНДАРЫ
Министрдің сөзінше, елдегі 188 нысанның құрылысы биыл жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жобалау кезінде эталондық жобаларды қайта қолданудың арқасында 2 млрд теңге, ал құрылыс жұмыстары кезінде 14,5 млрд теңге шамасында бюджет қаражаты үнемделген.
Бұл нысандардың құрылысы кезінде қолданылған заттардың 71%-ы жергілікті өнім өндірушілердің үлесіне тиесілі. Нысандарды пайдалануға беру кезінде қосымша 143 медицина қызметкерін (22 дәрігер, 121 орта буын қызметкерлері) жаңа жұмыс орындарына жіберу жоспарлануда.Осыған байланысты, өңірлердің әкімдіктері қазірден бастап ауылға жаңадан келетін мамандарды тарту және оларды ұстап қалу бойынша тиісті жұмыстарды бастаулары қажет, – дейді Әлназарова.
Барлық 655 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған кезде, шамамен 1 млн-ға жуық ауыл тұрғындары қолжетімді медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен қамтылуы керек.