Ауыл медицинасы баяу «емделіп» жатыр: премьер әкімдерді сынады

Аян Өрібай
Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ауылдағы денсаулық сақтау жобасының орындалу барысына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 650-ден астам елдімекенде заманға сай медициналық нысандар салынуы тиіс. Бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алайда жобаның іске асу қарқыны өте баяу. Құжаттамасы әлі дайын емес нысандар бар. Мәселен, Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында 6 медициналық нысанның жобалық-сметалық құжаты әлі күнге дейін дайындалмаған. Ал Қарағанды мен Батыс Қазақстан секілді бірнеше облыста мемлекеттік сараптама әлі өтпеген.

Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау және құрылыс жұмыстарына бақылаудың кемшін болуы ұлттық жобаны іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келеді. Құрылыс маусымын тиімді пайдалану қажет, – деді Олжас Бектенов.

Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, СҚО және Түркістан облыстарында құрылыс аяқталғанымен, қалған өңірлерде әлі де тәуекелдер басым. Премьер нақты облыстарға тапсырма беріп, жобаларды жеделдетуді талап етті.

«Қағазбастылық халықтың денсаулығына қауіп төндіреді»

Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне апта сайын мониториң жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар заманауи құралдарды уақтылы сатып алып, барлық нысанды толық жабдықтауды міндеттеді. Ал өңір әкімдеріне жобаларды осы жылы толық аяқтауды, кадр тапшылығына жол бермеуді және ауруханаларға мамандар тартуды жүктеді.

Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 маусымға дейін барлық жобалар мемлекеттік сараптамадан өткізу міндеті жүктелді. Бұл жұмысты Бектеновтің орынбасары Көшербаев тікелей қадағалайды.