Бишімбаевпен салыстырған: актер Серік Шәріп ЖИ-видео жасаған адамды сотқа берді

Сырым Қаржас
Фото: instagram.com/shakentii

Актер Серік Шәріп Астана тұрғынының үстінен арыз түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Threads желісінде Арман есімді қолданушы сәуір айының басында жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоны жариялаған. Онда актер Серік Шәріп пен кісі өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың бейнесі қатар көрсетілген.

Қиын сәтте әрдайым қасыңнан демеу болатын адам табылуы керек, – делінген видео кадрларындағы жазбада.

Жарияланым 13 мыңнан астам лүпіл мен жүздеген пікір жинаған.

АРЫЗ

Кеше кешкісін астаналық тұрғын актердің оған арыз жазғанын хабарлады.

Бүгін маған Алмалы аудандық полиция басқармасынан қоңырау шалып, Шәріп Серік маған жалған ақпарат таратты деп арыз жазғанын айтты, – дейді ол.

Желі қолданушыларының пікірлерінде белгілі адвокат Жохар Өтебеков азаматты сотта қорғауға дайын екенін білдірді.

Мен – қылмыстық істер бойынша адвокатпын. Сізді қорғағым келеді. Бұл – тегін. Жеке хабарламаға жазыңыз, – деді Өтебеков.

Қолданушылар реакциясы

Видео авторының жазбаларының астындағы пікірлер екіге жарылды – біреулер контент-мейкерді қолдаса, енді біреулер оның әрекетін орынсыз деп тапты.

Адамның басына түскен ауыр кезеңде оны масқаралаудың не қажеті бар? Сіз кісі өлтіру мен қол көтеруді салыстырып отырсыз. Шакенти кінәлі, және ол сот белгілеген жазасын алды. Бірақ сіздің әрекетіңіз – ең кемі адамшылыққа жатпайды.

Бұл – юморлық ролик. Жасанды генерация екені анық байқалады, шындыққа жанасатын ештеңесі жоқ. Видеоның ешқандай репутациялық зиян келтірмегені көрініп тұр.

Елікбаевпен сұхбат

Айтпақшы, жақында белгілі PR-маман Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында Серік Шәріп осы видеоға қатысты пікір білдірген. Ол Киберполицияға арыз жазғанын растады.

Барлығы: «қылмыс құрамы бар» дейді. Мен бұл адамдарды жазалағым келеді, – деді актер.

Сондай-ақ, Шәріп өзіне Бишімбаевты теңеуге неге болмайтынына да жауап берді. “Бұл мені өте қатты ренжітті. (Салыстыруға болмайды – ред.) себебі көп… Мен кісі өлтіруші емеспін. Мен «екінші Бишімбаев» бола алмаймын. Ол – оның өмірі, оның тағдыры, оның қатесі” деді ол.