Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әскерде жараланған сарбаз Ербаян Мұхтардың жағдайы жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ербаян Мұхтардың жағдайы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бақылауда. Ата-анасымен осыдан бірнеше күн бұрын кездестім. Жағдайы тұрақты. 16 медициналық қызметті қосымша алу қажеттілігіне байланысты Ұлттық медициналық орталығына күні кеше жатқыздық. Қасында әкесі бар. Тиісті көмекті сырқатына байланысты алып жатыр, – деді Ақмарал Әлназарова үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Ербаянның диагнозы өте қиын. Жарақатпен бірге денесіне инфеккция да түскен.
Тиісті ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр. Түркияға барып келді. Өзіміз де қосымша қарап жатырмыз. Қажет болса Түркияда немесе басқа мемлекетте ем-домын ұйымдастыру мәселесін ата-анасымен талқыладық. Қазақстанда емделуге келісімдерін берді. Алдын-ала болжам жасамай-ақ, көмектің алып жатқанын айтқым келеді, – деді ол.
КҮДІКТІ ЖОҚ
Еске салайық, бас әскери прокурордың орынбасары Максат Қазиев Ұлттық ұланда әскери борышын өтеген сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі бойынша әлі күнге дейін ешкім күдікті деп танылмағанын айтқан болатын. Оның айтуынша, қазір кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар мен тергеу нәтижелерін алғаннан кейін шешім қабылданады. Іс Бас прокуратураның және бас әскери прокурордың ерекше бақылауына алынған. Ербаян Мұхтардың ісінде бұрын күдікті табылмағаны туралы хабарлаған едік.
ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ
Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.
Ербаян Мұхтарды Түркияға Қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен жеткізілді. Сарбаз Ыстанбұлға аман-есен жетіп, “Медикал-Парк” клиникасына жатқызылған. Ол дәрігерлердің қарауында қажетті ем қабылдап жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін әскерде жараланған Ербаян Мұхтарды қараған дәрігерлер тергеуге алынғанын жазған едік.