Нұрқанатты бес-алты жігіт тепкілеп жатты – Шерзаттың досының тергеудегі жауабы

Аян Өрібай
скриншот

Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесінде бүгін түстен кейін марқұмның досы Нұрдәулет Байтұрсыновтың тергеу кезінде берген жауабының видеосы жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШЕРЗАТТЫҢ ДОСЫ НЕ ДЕЙДІ

2024 жылдың 3 қазаны күні түнде Нұрдәулет досы Ахметпен бірге бильярд ойнап жүрген кезде досы Шерзат қоңырау шалған.

Ахмет маған “Шерзат біреумен ерегесіп қалыпты, барып келейікші” деді. Екеуміз далаға шықтық. Шерзат қайтадан хабарласып, “болды, келмей-ақ қойыңдар, Нұрқанат аға келіп, өзі шешті” деді. Жарайды деп ішке кіріп кетіп едік, қайтадан қоңырау шалды. Ахмет бізге “барып келейікші” деді. Такси шақырып бара жатқан кезде “келмей-ақ қойыңдар” деді. Такси отырып қойғаннан кейін “барайық” деп барғанбыз. Барғанда бір “гольф” көлігі тұрды. Ол жерде үш жігіт тұрды. Оларға амандасып, біз шетте тұрдық. Артынан “акцент” көлігі келіп, одан да үш жігіт түсті. Амандасып тұрдық. Нұрқанат ағасы “бәрі шешілді, кешірім сұрайды” деді. Артынан “Мерседес кабан” көлігі келіп, бес жігіт, екі әйел шығады. Біреуі ішінен “кім менің бауырымды ұрды” деді. Ахмет “Нұрқанат ағадан сұра” деп еді, әлгі жігіт Ахметті ұрып жіберді. Ахмет талып қалды. Нұрқанат ағасы жүгіріп келіп, көтеріп шығарды. Алдияр содан кейін алып кетті (Ахметті) . Содан кейін “пышақпен келе жатыр, қашыңдар” деді. Нұрқанат аға бір қарағанда жерде жатты. Оны бес-алтауы ұрып жатты. Содан кейін біз қашып кеттік. 350 метрдей жүгірдік. Бұрылысқа жеткенде 5-7 минут тұрып, қайтадан бардық. Папасы машинасымен кетіп қалыпты. Апасын көрдік. Дүкен ашық екен, ішіне кіргізіп, су бердік. Жедел жәрдем, полиция келді. Содан кейін ауруханаға кеттік, – дейді ол.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.