Берлинде тұрып жатқан қазақ Қазақстан Германияны қай жағынан басып озғанын айтты

Сымбат Сатыбалдина
фото: ixbt.com

Германияда тұрып жатқан қазақстандық азамат өз елінің бір артықшылығын атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ГЕРМАНИЯ БІР САЛАДА АРТТА

Тимур Киреев Астанадан Берлинге көшіп барған. Қазір ол IT-стартапта жұмыс істейді. Оның айтуынша, Берлиндегі өмір өзіне ұнайды, әсіресе қаланың мәдени өмірі – Еуропадағы ең ірі көрмелер мен музейлер осында орналасқан.

Алайда Тимурдың пікірінше, бір маңызды салада Қазақстан Германиядан озық тұр.

– Мен Германияға Қазақстаннан алып келер едім деп ойлайтын нәрсе – бұл цифрлық инфрақұрылым. Бұл біреуге тосын естілер, бірақ меніңше, Қазақстанда мемлекеттік қызметтер мен банк жүйелерінің цифрлық мүмкіндіктері әлдеқайда дамыған. Германияда әлі де бәрі қағазға тәуелді. Көптеген кездесулерді қолына құжат ұстап отырып өткізуді қалайды, бәрін қағаз күйінде дайындағанды ұнатады. Ал Қазақстанда, менің білуімше, құжаттарды бір-ақ рет басу арқылы телефон арқылы-ақ алуға болады. Германияда ондай мүмкіндіктер әлі жоқ. Мұнда міндетті түрде өзің келіп, қағазбен баруың керек, – дейді Тимур сұхбатында.