90% студенті сабаққа қатыспаған: экс облыс әкімі оқыған университет жабылды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тексеруі нәтижесінде Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінде (ҚРМУ) студенттердің 90 пайызы сабаққа қатыспайтыны анықталған. Бұл жағдай университеттің жабылуына басты себептердің бірі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазір университет студенттеріне мынадай ресми хабарламалар жолданып жатыр:

"Осы арқылы Сізге ТОО «МВУЗ КРМУ» 2024-2025 оқу жылының соңында білім беру қызметін тоқтататынын хабарлаймыз. Мұндай шешім студенттердің 90% сабаққа қатыспауына және ішкі бақылау нәтижесіне байланысты қабылданды. Осыған орай Сізге өзге жоғары оқу орнына ресми түрде ауысу қажет екенін ескертеміз. Ағымдағы семестр аяқталған соң, 2025-2026 оқу жылының басынан бастап таңдаған университетіңізде оқу жалғастырылады..."

МИНИСТРЛІК ТЕКСЕРІСІНЕН КЕЙІН...

Университет әкімшілігі бұл ақпаратты растап, жағдайды түсіндірді:

"Иә, бұл шындық. Тексеру қорытындысы бойынша студенттердің 90 пайызы сабаққа қатыспайтыны анықталды. Сонымен қатар Министрлік комиссиясының профессорлық-оқытушылық құрам санына да сұрақтары болды. Бірі екіншісін толықтырды. Ақырында университет иелері бизнесті жабу туралы шешім қабылдады. Студенттер басқа оқу орындарына ауыстырылады, ешкім далада қалмайды", – деді ҚРМУ оқу бөлімінің өкілі.

БҰРЫН ДА ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАР БОЛҒАН

2022 жылы ҚР БҒМ Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті де университетке тексеру жүргізіп, көптеген заңбұзушылықтарды анықтаған болатын.

ҚРМУ тексеру парағының 46 тармағының 32-сін бұзған. Мәселен:

  • Лекцияларды қажетті біліктілікке ие емес мамандар оқыған.

  • “Әуе көлігін пайдалану” мамандығы бойынша білімі бар оқытушы “Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар” және “Бастауыш мектептегі тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі” пәндерін жүргізген.

  • Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі “Музыкалық өнер теориясы мен әдістемесі” сабағын оқытқан.

  • Кейбір оқу кабинеттерінің көлемі санитарлық нормаларға сай болмаған.

ҚАЗІР УНИВЕРСИТЕТТЕ ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ СТУДЕНТ ОҚИДЫ

Бүгінде ҚРМУ-де 17 мамандық бойынша екі мыңнан астам студент білім алып жатыр. Айта кетсек, Қостанай облысының бұрынғы әкімі Архимед Мұхамбетов те осы оқу ордасынан “Қаржы” мамандығы бойынша диплом алған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Ақтөбедегі дәл осы жекеменшік университет бір күнде 350 студентті еш ескертпестен оқудан шығарып жіберген еді.