Оңтүстік Корея президенті міндетін атқарушы Хан Док Су отставкаға кетті

Сырым Қаржас
AP Photo

Yonhap агенттігі оның 3 маусымдағы сайлауға түсуге ниетті екенін жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Корея Республикасы президентінің міндетін атқарушы Хан Док Су мемлекет басшысы сайлауына қатысу үшін отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын 1 мамырда Сеулде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәлімдеме оның сайлауға қатысуы туралы тараған түрлі алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойды.

Осындай күрделі кезеңде мойныма жүктелген жауапкершілік туралы ойлай келе, бұл шешімнің дұрыс-бұрысын және оның қаншалықты қажет екені турасында ұзақ толғандым. Ақырында мынадай қорытындыға келдім: егер бұл жалғыз жол болса – мен соны қабылдауға тиіспін, – деп келтіреді Yonhap агенттігі оның сөзін.

Хан Док Су 2024 жылдың желтоқсанынан бері Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарып келеді. Бұл уақытша міндет оған президент Юн Сок Ёльге әскери төтенше жағдай енгізбек болғаны үшін импичмент жарияланған соң жүктелген болатын. Ал 3 сәуірде Корея Республикасының конституциялық соты бұрынғы президентке жарияланған импичментті ресми түрде бекітті. Осыдан кейін жаңа мемлекет басшысы сайлауының күні жарияланған.