СҚО-да “ауылын тасқыннан қорғап жүр” деп әкімдік мақтаған баланың әкесіне полиция айыппұл салды

Сырым Қаржас
СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысында бөгетті бекітуге көмектескен баланың ата-анасына 196 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жақында облыс әкімінің баспасөз қызметі бейнеролик жариялап, Тепличное ауылындағы бөгетті бекіту жұмыстарына бүкіл ауыл болып жұмыла кіріскенін хабарлаған. Тіпті балалар да көмектесіп жүргені аталып өтті.

«Жас көмекші: бөгетті қорғауға арналған қаптарды тасымалдап жүрген бала. Бұл — туған ауылына деген жанашырлық пен бірліктің жарқын үлгісі. Тепличное ауылының тұрғындары Руслан мен Динара Мырзабайлар отбасы елге үлгі боларлық іс атқарып жүр. Басқа ауылдастармен бірге олар елді мекен айналасындағы бөгетті бекітуге белсене қатысуда. Олардың ұлы Дастан да өз үлесін қосуда: квадроциклімен қорғаныс құрылыстарын бекітуге арналған қаптарды тасып, ересектерге көмектесіп жүр. Нағыз үлгі!» — делінген бейнежазба сипаттамасында.

Бейнеролик Солтүстік Қазақстан тұрғындарының арасында екіұдай пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары "Көлік құралын басқаруға неше жастан рұқсат етіледі? Заң бәріне бірдей емес пе?"деп наразылық білдірді.

Осыдан кейін баланың әкесіне әкімшілік құқықбұзушылық бойынша айыппұл салынды.

“Бұл факті бойынша ер адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 5-бөлігіне сәйкес — көлік құралын басқару құқығы жоқ тұлғаға басқаруға беру — бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деп кейін ақпарат таратты полиция.

Полиция өкілдері ерекше қауіп төнген жағдайда заң талаптарын сақтау аса маңызды екенін атап өтті.

“Балалардың және су тасқыны салдарын жоюға қатысып жатқан барлық азаматтардың қауіпсіздігі — басты басымдық. Көмек көрсетіп жатқан барлық тұрғындарға алғысымызды білдіреміз, алайда кез келген жұмыс барысында қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз”, – деп мәлімдеді ведомство.

Заңнамаға сәйкес, көлік басқару құқығы жоқ адамға рөлді тапсыру 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы заңның негізінде баланың әкесі 196 600 теңге айыппұл төлейтін болды.