Қазақ әндерін радиоларда алғаш біз сияқты “шалақазақтар” жылжытқан — Үркер тобының мүшесі

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Үркер тобының мүшесі Айдос Сағатов тоқсаныншы жылдары радиолар қазақ әндерін эфирге қоя қоймайтынын есіне алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘНШІ НЕ ДЕЙДІ

Үркер тобының тарихи парадоксы мынада: тоқсаныншы жылдары біз қазақ әндерін айта бастағанда, бұл үрдіс модаға жатпайтын. Радио мен телевидение оны эфирге әрең қоятын. Себебі олар жарнамаға тәуелді еді, ал бүкіл жарнама орыс тілді аудиторияға бейімделетін. Сол себепті олар бізге “егер біз қазақ әндерін қоя бастасақ клиенттерден айырыламыз” дейтін, – дейді ол.

Сағатовтың сөзінше, кейін эфирдегі әндердің жартысы қазақ тілінде болсын деген заң талабы енгізілген. Бірақ радиолар мен телевидениелер қазақ әндерін түнде ғана қоя бастаған. Сағатов сол тұста продюсерлердің бірімен сөйлескен кезде әнші олар “сонда қазақтар ән тыңдау үшін түнде ұйықтамауы керек пе” деп ескерту жасаған.

Қазіргі жас ұрпақ соның бәрін білмейді. Соған қарамастан пікірлерде бізге “сен кімсің, шалақазақ, қазақша сөйле, мәңгүрт” деген әңгімелер айтылады. Кейбір қараңғы адамдар бізге солай жазады. Соған қарамастан жоғарыда айтқанның бәрін ең әуелі біз сияқты қаланың "шалақазақтары" жасаған. Ал қазір біз кең ауқымды қазақ тілді поп-музыкаға иеміз, – дейді әнші.

ҮРКЕР ТОБЫ

Үркер — 1994 жылы құрылған қазақстандық поп-рок музыка тобы. Топтың негізін қалаушылар — Айдос Сағат пен Айбек Жансейітов. Олар қазақ тілінде ән айтып, ұлттық музыкалық элементтерді заманауи стильмен ұштастырады. Топ «Сағыныш», «Астана», «Желтоқсан желі» сияқты танымал әндерімен көпшілікке кеңінен танылды.