"Ахуал күрделі": Қазақстан баспасөз бостандығы рейтингінде 141-орынға тұрақтады — RSF

Сырым Қаржас
Pexels.com

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (Reporters sans frontières, RSF) ұйымы жыл сайынғы баспасөз бостандығы рейтингін жариялады. Қазақстан бұл тізімде 180 елдің ішінде 141-орынға жайғасты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Былтырмен салыстырғанда ел бір саты жоғары көтерілгенімен, "ахуал әлі де өте күрделі" деп бағаланып отыр.

RSF баяндамасында Конституцияда цензураға тыйым салынғанына қарамастан, ол шынайы өмірде сақталып отырғаны айтылған.

ДӘЙЕКСӨЗ

— Жала жабу қылмыстық жауапкершіліктен алынып тасталды, бірақ "жалған ақпаратты қасақана тарату" әлі де жазаланады. Ақпарат көзі құпиясын сақтау құқығы қарапайым сот шешімімен жойылуы мүмкін. 2024 жылы қабылданған БАҚ туралы заң реформасы мемлекет тарапынан медианы бақылауды одан әрі күшейтті. Сыртқы істер министрлігі енді кез келген БАҚ пен журналистке аккредитация беруден "ұлттық қауіпсіздік" деген себептермен бас тарта алады, — делінген есепте.

RSF Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени ортаға да назар аударған. Онда журналистикаға жиі күмәнмен қаралатыны, ал халықтың блогерлер мен әлеуметтік желідегі аноним ақпарат көздеріне көбірек сенетіні айтылған.