Кәрім Мәсімов ресейлік астрологқа 200 мың доллар төлеген — The Telegraph

Сырым Қаржас
The Telegraph

Ұлыбританиялық The Telegraph газеті Қазақстан ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің байланыстары туралы мақала жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

МӘН-ЖАЙ

Басылым Кәрім Мәсімовтің Ұлыбританияның Лейбористік партиясының бұрынғы көшбасшысы Тони Блэрмен бірге түскен суретін жариялады. Бұл сурет Freedom for Eurasia атты коммерциялық емес ұйым жариялаған "Napoleon Complex" деп аталатын баяндама арқасында белгілі болды. Аталған баяндамада Кәрім Мәсімовтің жемқорлыққа қатысы бар екені және астрологтарға орасан қаражат жұмсағаны айтылған.

– Сонымен қатар есепте Мәсімовке қатысты Қазақстандағы істердің "халықаралық құқықтық стандарттарға сәйкес келмейтіні" де айтылған. Соған қарамастан, құжатта ол "жемқорлық жолмен алынған қаражатты" сән-салтанатты демалыстар ұйымдастырды, ресейлік астрологқа 200 000 доллар төледі, тіпті құны 100 000 фунт стерлингке жуық Наполеонның хаттарын сатып алуға жұмсаған деп айыпталады, — деп жазады басылым.

МӘСІМОВ ЖАЙЛЫ

2023 жылғы сәуір айында сот Мәсімов пен оның орынбасарларына үкім шығарды. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы мемлекеттік опасыздық, билікті басып алуға үгіттеу және қызметтік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 18 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыру туралы үкім шығарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК-нің бұрынғы төрағасына рақымшылық жасаудан бас тартты.

2024 жылғы ақпанда Ulysmedia.kz редакциясына Мәсімов денсаулығына байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы үш рет өтініш бергені белгілі болды.