Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі Бартоғай су қоймасындағы жағдайға байланысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Бартоғай су қоймасының бөгетінде жарықтар пайда болып, жақын маңдағы аудандарда су басу қаупі төніп тұрғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда жергілікті билік бұл қауесетті жоққа шығарды.
– Бартоғай су қоймасындағы жағдайға қатысты тарап жатқан ақпарат расталмады, елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ, – делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, қауіптің алдын алу мақсатында "Қазгипроводхоз" институтының мамандары бөгеттің құрылымын қосымша тексеріп жатыр. Оқиға орнында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің, аудан әкімдігінің және Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының мамандары кезекшілік етіп жатыр.
– Су деңгейіне және гидротехникалық құрылымның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Жағдай тұрақты, барлық қызмет штаттық режимде жұмыс істеуде, – деп хабарлады әкімдік.