Алматы облысында Бартоғай су қоймасынан су жіберілуіне байланысты Шелек өзенінде су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл туралы "Қазгидромет" синоптиктері бүгін, 12:00-дегі мәліметке сүйене отырып хабарлады.
Малыбай ауылы маңындағы гидробекетте судың биіктігі 158 сантиметрге жеткен. Қауіпті деңгей 186 сантиметр болғанымен, мамандар алдағы уақытта су көбейсе, өзен арнасынан тасуы немесе жағалаудағы аумақтарды су басу қаупі бар екенін ескертіп отыр.
Синоптиктер су деңгейі қауіпті межеден асқан жағдайда, өзеннің жайылма аумақтарында орналасқан елді мекендер, шаруашылық нысандар мен жергілікті жолдарды су басуы мүмкін екенін ескертті.
БҰҒАН ДЕЙІН
Әлеуметтік желілерде Бартоғай су қоймасының бөгетінде жарықтар пайда болып, жақын маңдағы аудандарда су басу қаупі төніп тұрғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда жергілікті билік бұл қауесетті жоққа шығарды.
– Бартоғай су қоймасындағы жағдайға қатысты тарап жатқан ақпарат расталмады, елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ, – делінген хабарламада.