Вьетнамдық компания Қазақстанның бір әуежайын сатып алмақ

Аян Өрібай
Ашық дереккөзден

Вьетнамдық Sovico Group компаниясы Қазақстандағы бір әуежайды сатып алуды немесе басқаруға алуды қарастырып жатыр. Бұл туралы Ақордада премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин журналистерге айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Олар әуежайды сатып алуды немесе басқаруға алуды ойластырып отыр. Өйткені кез келген әуе компаниясы үшін базалық әуежай қажет. Бұл – өте ірі, қарқынды дамып жатқан компания», – деді Жұманғарин.

Sovico Group — Вьетнамдағы ірі бизнес құрылымдардың бірі, оған VietJet Air әуе компаниясы да тиесілі. 

Бұған дейін вьетнамлдық компания Қазақстанның Qazaq air әуежайын сатып алған еді.

ВЬЕТНАМ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бүгін Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Ламды қарсы алған еді. Екі елдің басшылары келіссөз жүргізеді.

 Сапар аясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.

ЕКІ ЕЛДІҢ БАСШЫЛАРЫ НЕ ЖАЙЛЫ СӨЙЛЕСТІ

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан мен Вьетнам басшылары елорда әуежайында аз-кем әңгімелескен. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

Құрметті То Лам мырза, еліміздің астанасына қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыздың тарихи маңызы зор және Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ықпалдастықты кең ауқымда дамытуға тың серпін береді деп санаймын. Сіздің еліңізге жасаған сапардан үлкен әсермен оралдым. Вьетнаммен түрлі бағыттағы байланысты жан-жақты нығайту тұрғысынан жұмысты жалғастыру қажет деген ойға келдім. Екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол – деген. 

Өз кезегінде То Лам ілтипат көрсеткен:

Қадірлі Президент мырза, Сізге және Қазақстан халқына шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Ұшақ трапынан қарсы алғаныңыз – біз үшін зор мәртебе. Бұл асқан қонақжайлылықтың және бізге көрсетілген құрметтің белгісі. Қазақстан мен Вьетнамды тамыры терең достық қарым-қатынас байланыстырады.

Ақордадағы кездесуде әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам кілемше бойымен Қазақстанның Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты. Қазір Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр.