Мемлекет басшысы Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Ламмен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Президент Вьетнам делегациясына ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Вьетнамның 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейтін стратегиялық мақсатын қолдап, Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді.
Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен. Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам туризм саласындағы бірлескен жұмыстың перспективасы туралы пікір алмасты. Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнады, ал әуе қатынастарының саны 40-тан асқан.
Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды.
То Лам Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Вьетнам президенті Лыонг Кыонгтың ыстық ықыласын жеткізді.
Вьетнам мен Қазақстанның ортасында ондаған жылдар бойына тығыз қарым-қатынас орнаған. 1959 жылдың тамыз айында біздің президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Бұл сапар қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалады. Содан бері екі елдің байланысы көшбасшылар мен азаматтардың күш-жігері арқасында ұдайы дамып келеді. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза, – деді Вьетнам Компартиясы ОК бас хатшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Вьетнам мәдениетінің күндерін өткізудің маңызына тоқталып, оның мәдени диалог пен халықтар бірлігін нығайтуға септігін тигізетінін айтты. Президент мәртебелі мейманға Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери парад өтетінін айта келіп, Қазақстан мен Вьетнамның әскери-техникалық серіктестігін нығайтуға отандасымыз, генерал-лейтенант Жансен Кереевтің елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Жансен Кереев 1982 жылы Вьетнам халық армиясы штабының аға кеңесшісі ретінде іссапарға жіберілген. Ол Вьетнам Қарулы күштерін бірге құрысып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға атсалысқан. Хо Ши Миннің шешімімен Жансен Кереев Вьетнамның ең жоғары әскери наградасы – Қызыл ту орденімен марапатталған.
МАРАПАТТАУ
Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Президент Қазақстан мен Вьетнамды тереңнен тамыр тартатын достық қарым-қатынас байланыстыратын атап өтті. Сонымен қатар 1959 жылы Қазақстанға Вьетнамның тұңғыш президенті Хо Ши Миннің келгенін еске салды. Бұл сапар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын дамытудың берік негізін қалаған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Вьетнам шынайы стратегиялық әріптестік орнатқанын айтты.
Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Бұл үшін мол перспективаға жол ашатын саяси ерік-жігер мен сауда-экономикалық әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқаныңызды атап өткім келеді. Осы орайда Сізге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – І дәрежелі «Достық» орденін табыстауға рұқсат етіңіз. Қазақстан мен Вьетнам ықпалдастығын одан әрі арттыруға қолдау көрсете бересіз деп сенемін, – деді мемлекет басшысы.
Вьетнам басшысы Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына алғыс айтты.
Бұл – мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміздің ондаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқының бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін, – деді ол.
Кездесу соңында Тоқаев То Ламның елімізге сапары қазақ-вьетнам достық байланыстары тарихындағы жаңа кезеңге жол ашатынына сенім білдірді.