Грузияда бірнеше қазақстандық елден қуылды

Сымбат Сатыбалдина
фото: drive2.ru

Сәуір айында Грузияда көші-қон заңнамасын бұзған 96 шетелдік азамат елден шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Грузия ішкі істер министрлігінің мәліметінше, депортацияланған азаматтар ел аумағында заңсыз жүрген. Олардың бір бөлігі елден өз еркімен кеткен, ал қалғаны мәжбүрлі түрде шығарылған. Кейбіріне Грузияға уақытша кіруге тыйым салынған.

Депортацияланғандар арасында Қазақстан, Қытай, Үндістан, Ресей, Түркия, Израиль және Әзербайжан азаматтары бар. Алайда Қазақстан азаматтарының нақты саны белгісіз. Бұл мәселеге қатысты Қазақстан сыртқы істер министрлігі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстан мен Грузия арасындағы экономикалық ынтымақтастық ұйымы соңғы уақытта қазақстандық туристерге қатысты Грузияда орын алып жатқан жағымсыз жағдайларға алаңдаушылық білдірді. Ұйым мәлімдемесінде соңғы жылдары қазақстандықтар жергілікті тұрғындар тарапынан дөрекі және құрметсіз қарым-қатынасқа жиі тап бола бастағанын айтқан. Сонымен қатар, шекаралық бақылау бекеттерінде Грузияға кіруге рұқсат берілмеген жағдайлар саны күрт артқан. Көп жағдайда себептері түсіндірілмейді немесе қисынсыз болып жатады.