Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында SIM-карталарды байланыс операторларының ресми сату нүктелерінен тыс жерлерде сатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НАҚТЫ НЕ ҰСЫНЫЛЫП ОТЫР
Министрлік әзірлеген құжатта SIM-карталардың соңғы қолданушыны сәйкестендірмей тіркелуі арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жиілеп кеткені атап өтілген. Осыған байланысты:
Абоненттік нөмірлерді тіркеу тәртібін күшейту,
Жеке тұлғаны сәйкестендірмей SIM-карта сатуына тыйым салу,
SIM-карталарды тек байланыс операторларының ресми нүктелерінде сату ұсынылып отыр.
– Бұл шаралар алаяқтық әрекеттердің санын азайтады, – делінген "Ашық НҚА" порталында жарияланған құжатта.
ТАҒЫ ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ҚАРАСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Байланыс операторлары арнайы call-орталық құруы тиіс. Абоненттер сол жерге күмәнді қоңыраулар туралы шағымдана алады. Шағым түскен жағдайда оператор тексеру жүргізіп, қажет болса қосымша мәліметтер сұрап, алаяқтық расталса – нөмірді бұғаттайды.
БҰЛ НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
Ведомствоның мәліметінше, қазір халықаралық және қолдан өзгертілген нөмірлер арқылы жасалатын қылмыстар көбейіп барады. Мұндай істерді тергеу қиын.
- Сондықтан жаңа шаралар азаматтарды қорғауға және мобильді байланыс арқылы жасалатын қылмыстарға жол бермеуге бағытталған, – деп көрсетілген құжатта.