Алматыда дрондар шоуы болады: оны қайдан көруге болады

Сымбат Сатыбалдина
gov.kz

9 мамыр күні сағат 21:00-де Абай алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай алматылықтар мен қала қонақтарына ерекше жарық шоуы ұсынылады – 500-ден астам дрон қатысатын ауқымды көрініс өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАТЫРЛАР

Көрсетілімнің басты ерекшелігі – соғыс жылдарында Қазақстанды даңққа бөлеген батырлардың бейнесі көрсетіледі. Алматы аспанында аты аңызға айналған қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының бейнесі жарық арқылы жанданады. Заманауи технологиялар мен жарық анимациясының көмегімен олардың ерлігі мен рухын жеткізетін көріністер арқылы елге таныстырылады.

Дрон-шоу барысында еске алудың белгісі ретінде тырналар да көрсетіледі. Ал шоудың соңында қазақтың ою-өрнегі аясында «Жеңіс күні құтты болсын!» деген жазу пайда болады.

ШАРАҒА АҚШАНЫ КІМ БӨЛДІ

Іс-шара демеушілердің қолдауымен барлық қауіпсіздік талап сақтала отырып ұйымдастырылады.

ШОУДЫ ҚАЙДА ТҰРЫП КӨРУГЕ БОЛАДЫ

Ұйымдастырушылар дрон-шоуды тамашалауға арналған бірнеше ыңғайлы алаң дайындады. Басты орындар: Абай алаңы, «Қазақстан» қонақ үйінің маңы, Caspian University жанындағы орын және Абай даңғылы бойындағы аумақтар – Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін.

ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ШЕКТЕУ

Іс-шараны дайындау және өткізуге байланысты 9 мамыр күні сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін қала орталығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ, Достық даңғылының Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында жол жабылады.