Әскери қауіпке байланысты Air Astana Үндістанға рейсті тоқтатты

Сырым Қаржас

Air Astana әуе компаниясы 8 мамырға жоспарланған Алматы — Дели — Алматы бағытындағы рейстердің тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әуе тасымалдаушының баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай шешім Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің күтпеген жерден жабылуына байланысты қабылданған. Бұл жағдай рейстерді орындауға мүмкіндік бермеген.

Атап айтқанда, KC 907 және KC 908 рейстері тоқтатылды. Компания барлық жолаушыларға билет құны толық көлемде қайтарылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Air Astana қазақстандық азаматтар мен өзге де жолаушылардың отанына оралуын қамтамасыз ету үшін балама бағыттар бойынша репатриациялық рейстер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

«Біз жағдайды жіті бақылап отырмыз және кез келген өзгеріс туралы жолаушыларды жедел түрде хабардар етеміз», – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.

Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе дәліздерінің жабылуы аймақтағы шиеленістің күрт артуымен байланысты.