Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Пәкістан мен Үндістанда жүрген қазақстандықтар елге шұғыл жеткізіле ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгінгі брифиң барысында Ulysmedia.kz тілшісі шенеуніктен Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің ушығуына байланысты қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесін сыртқы істер министрлігі қарастырылып жатқан-жатпағанын сұраған.
Бұл екі елде де Қазақстан азаматтары бар. Менің білуімше, Пәкістанда олар Үндістанға қарағанда көбірек. Бұл – елшілікте есепте тұрған азаматтар. Қазір ол жақта толыққанды әскери қимылдар жоқ, тек шекара маңындағы аумақтарға жеке шабуылдар жасалды, сондықтан эвакуация мәселесі әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ, – деді ол.
ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ
Сондай-ақ, ол екі ел арасындағы қақтығыстың Қазақстанға, оның экономикасы, саудасы мен жеткізілімдеріне әсері туралы сұраққа жауап берді.
Менің ойымша, белгілі бір әсері болады, бірақ соншалықты үлкен емес. Себебі бізде оңтүстік бағыттағы, әсіресе Үндістан мен Пәкістан арқылы өтетін маршруттар аса дамымаған. Бірақ жағдайдың дипломатиялық жолмен шешілетініне үміттенемін. Мұның әсері болмауы тиіс, – деді Рахметуллин.
ЕКІ ЕЛДІҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ
Бірер күн бұрын Үндістан Пәкістан мен оның бақылауындағы Кашмир аймақтарына соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл Делидің Үндістан бақылауындағы Кашмир жағында туристерге жасалған шабуылға қолдау көрсетті деп Исламабадты айыптауынан екі апта өткен соң болды. Ол шабуылдан 26 адам қаза тапқан.
Пәкістан билігі айыптауларды жоққа шығарды. Пәкістан армиясы шабуылдар азаматтық аумақтарға бағытталғанын, лаңкестерге қарсы болмағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, үндістандық ұшақтар зымырандарды өз әуе кеңістігінен атқан.
Пәкістан армиясының баспасөз қызметі үнді соққыларының салдарынан сегіз адам қаза тауып, 35 адам жарақат алғанын, екі адамның жоғалып кеткенін хабарлады. Бұған дейін Пәкістан армиясының баспасөз хатшысы Ахмед Шариф BBC-ге қаза тапқандар арасында екі баланың бар екенін айтқан.