Астанада тыл ардагерін әскери парадты көруге өткізбей қойған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЕЛІДЕГІ ВИДЕО
Оқиға орнынан видео әлеуметтік желіде пайда болды. Видеода полиция қызметкерлері тыл ардагерін әскери парадты көруге өткізбей қойғанын байқауға болады.
- Мен соғыс және тыл ардагерімін. Мені кіргізбей тұр, дейді ардагер.
АСТАНА ӘКІМДІГІ АРДАГЕРДЕН КЕШІРІМ СҰРАДЫ
Қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қаланың Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл еңбеккері профессор Теңдік Изақовпен және оның отбасымен кездесіп, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, 7 мамыр күні шеру өтетін орынға кіре алмағаны үшін кешірім сұраған.
Әкімдік мәліметінше, іс-шара аумағына өту арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылған.
- Орын санының шектелуін, сондай-ақ ардагерлердің жасы ұлғайғанын ескере отырып, тізім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей түскен өтініштер бойынша ғана әзірленді. Бұл ретте шеруге еліміздің барлық өңірінен ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысты. Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түскен жоқ. Астана әкімдігі Теңдік Изақовқа және оның жақындарына туындаған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұрады, делінген жауапта.
Әкімдік Теңдік Изақов 9 мамыр күні гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырған.