49 жылға жалға беріледі Алматыда АҚШ консулдығының ғимаратын кім салады

Аян Өрібай
Ашық дереккөзден

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Алматыда АҚШ-тың жаңа консулдық ғимараты жайлы журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Басқа пәтерге көшкенде, бұрынғысына ешкімді қалдырмаймыз ғой. Қызметкерлер жаңа ғимаратқа көшеді. Бұл жай ғана жаңа ғимарат. Қазіргі консулдық орналасқан ғимарат жеке меншік негізде жалға алынған. Жаңа бас консулдық салынған кезде барлық қызметкер сол жерге көшеді. Ал штаттың кеңеюіне келсек, шынымды айтсам, білмеймін, – деді Рахметуллин.

Құрылысқа кім жауапты

Бұл сұраққа жауап берген әкімдік пен консулдық арасында нақты келісім болатынын, америкалықтар құрылысты ұзаққа созбайтынын айтты. “Құрылыс мердігері америкалық компания болады” деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бүгін Сенат АҚШ-қа Алматыда консулдық ғимарат салу үшін 70 мың шаршы метр жерді жалға беру туралы заңды мақұлдады.

22 қаңтарда Мәжіліс АҚШ-қа консулдық ғимарат салу үшін 70 мың шаршы метрден астам жер учаскесін жалға беру туралы келісімді қарауға кірісті. Жалдау мерзімі – 49 жыл. Учаске Жамақаев, Әл-Фараби, Сейфуллин және Алдар Көсе көшелерінің маңында орналасқан.

Келісім бойынша жер учаскесін беру тәртібі мен шарттары нақты белгіленген. Жалға алу мерзімі үшін жалдау ақысы 25 миллион АҚШ долларын құрайды және бұл сома Келісім күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде біржолғы төлеммен төленеді. Сонымен қатар, АҚШ үкіметі жер учаскесі мен консулдық ғимаратқа қатысты барлық салықтар мен басқа да төлемдерден босатылады (жалдау ақысынан басқа).

Сондай-ақ консулдық ғимараттың құрылысына, оның күтімі мен жөндеуіне, байланыс қызметтері мен электр, газ, су, жылу және басқа да коммуналдық қызметтерге қатысты барлық шығындар АҚШ Үкіметінің есебінен жүзеге асырылады. Консулдықты жабдықтау мен жиһаздау үшін АҚШ Үкіметі импорттайтын барлық материалдар мен тауарлар кедендік төлемдерден, импорт салығынан және рұқсат алуға қатысты талаптардан босатылады. Одан бөлек, тараптар арасындағы келісімге сәйкес, Келісім ратификацияланғаннан кейін АҚШ тарапы Қазақстан Республикасының Хьюстон қаласында Бас консулдық ашуына рұқсат береді.

Сонымен қатар, Келісімді ратификациялау халықаралық серіктестеріміздің елімізге деген сенімін арттырып, Қазақстанның тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін көрсетеді. Сенаттың тұрақты комитеттері осы заң бойынша оң қорытындыларын берген.

Келісімге былтыр 27 қыркүйекте Нью-Йоркте Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында қол қойылған.