Жамбыл облысында шенеунік пара алғаны үшін сот алдында жауап беріп жатыр

Ulysmedia.kz коллажы

Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі экология департаменті басшысының ұсталғаны туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Құзырлы орган өкілдері тіпті ұстау сәтінің видеосын да жариялаған: кадрда ақша купюралары, сондай-ақ күдікті мен арнайы қызмет өкілдерінің беттері бұлыңғырланған.

— Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экология департаменті басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, — деп жазды облыстық Антикор қызметінің басшысы Ернар Макажанов Facebook парақшасында.

Ол ірі өнеркәсіп кәсіпорны өкілінен экологиялық заңнама талаптарын тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік беру, сондай-ақ жалпы қамқорлық көрсету үшін пара алды деген күдікке ілінген. 

Макажановтың айтуынша, тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Алайда шенеуніктің аты-жөні мен пара сомасы жария етілмеген.

Ratel.kz мәліметінше, ұсталған ер адам — сол кезде экология департаментінің басшысы міндетін атқарған Темір Смағұлов. Бұған дейін ол осы департаментте бөлім басшысы, кейін басшының орынбасары – Жамбыл облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектор болған. Пара алған сәтінде ол департамент басшысының креслосында отырған.

Сізге қызық болуы мүмкін