Путин Тоқаевқа әкесіне арналған марапат парағын табыс етті

Сымбат Сатыбалдина
Фото: Ақорда

Кремль Владимир Путиннің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның әкесіне арналған марапат парағын тапсырған сәтінен видео жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресей басшысы Тоқаевқа оның әкесі – жазушы әрі соғыс ардагері Кемел Тоқаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы марапат парағын табыстады.

Құжатқа сәйкес, ол Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда бұл атақ берілмеген. 

Кемел Тоқаев Польша аумағындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған.

ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ

– Алғыс айтамын, бұл бастама мені қатты толқытты. Бүгін сіз дұрыс атап өттіңіз, бұл — ортақ мереке. Майдангерлер үшін Жеңіс күні — жылдың ғана емес, бүкіл өмірінің ең маңызды күні болатын. Олар әрдайым қаза тапқан қаруластарын еске алатын. Бұл — болаттай берік ұрпақ еді. Олар — жеңімпаз, азат етуші халықтың туын биікке көтерген адамдар. Ол кезде біз біртұтас халық едік. Менің туған нағашым осы маңда, Ржев ауданы аумағында жерленген. 2009 жылы оның бейітін таптым — ол бауырластар зиратына жерленген. Ржевтегі мемориалдағы сурет ретінде оның бейнесін таңдап алғандарыңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Тоқаев.

КЕМЕЛ ТОҚАЕВ КІМ БОЛҒАН

Кемел Тоқаев – қазақ кеңес жазушысы, редактор, қазақ прозасындағы детектив жанрының негізін қалаушы. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол – Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі.