Путин Украинаға тікелей келіссөздерді қайта бастауды ұсынды

Сырым Қаржас
kremlin.ru

Владимир Путин Украинаға "2022 жылы үзілген тікелей келіссөздерді" 15 мамырда Ыстамбұлда ешқандай алдын ала шартсыз қайта бастауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

— Киев билігіне 2022 жылдың соңында олардың бастамасымен тоқтатылған келіссөздерді қайта бастауға ұсыныс жасаймыз. Тікелей келіссөздерді, атап айтқанда, ешқандай алдын ала шартсыз қайта бастайық. Кешіктірмей, келесі бейсенбі — 15 мамыр күні Ыстамбұлда бастауға шақырамыз, — деді Путин Кремльдегі сөзінде.

Путиннің айтуынша, ол бұл келіссөздерді ұйымдастыру мәселесі бойынша Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен сөйлесуді жоспарлап отыр.

— Ертең Түркия президенті Ердоған мырзамен сөйлесу жоспарланған, мен одан келіссөздерді Түркияда өткізу мүмкіндігін ұсынуын сұраймын. Ол Украинаның бейбітшілігін іздеуге көмектесуге деген ниетін растайды деп үміттенемін, — деді Ресей басшысы.

Сондай-ақ Путин Ресейдің Украинамен "шынайы келіссөздерге" дайын екенін айтты.

— Бұл келіссөздердің мәні – қақтығыстың түпкі себептерін жою, ұзақмерзімді және берік бейбітшілік орнату. Бұл келіссөздер барысында жаңа бітім жасасу немесе атысты тоқтату туралы нақты уағдаластыққа қол жеткізу де мүмкін деп санаймыз, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Украина "Ресейді бітімгерлік режимін" бұзды деп айыптаған еді.