Атырау облысында екі жасөспірімді қатыгездікпен ұрып-соққан

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Атырау облысының Еркінқала ауылында мектеп оқушылары екі жасөспірімді қатыгездікпен ұрып-соққан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Әуеліде әлеуметтік желіде 8-сынып оқушысының соққыға жығылғаны туралы ақпарат тараған. Блогер Рүстем Баязиев жасөспірімнің денесінде сырылған және көгерген жерлері анық көрінетін видеоны жариялады. Блогерге зардап шеккен баланың туыстары хабарласып, істі жария етуін сұраған.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Атырау облыстық полициясы екі жасөспірімнің дене жарақатын алғанын мәлімдеді. Қанша күдікті бары әзірше белгісіз.

– Атырау облысы Еркінқала ауылында екі жасөспірімге қасақана дене жарақатын келтірген барлық күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олар кәмелет жасына толмағандықтан, жауап алу заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, – делінген хабарламада.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.