Сауд Арабиясы Қазақстанды жазалауға тырысады – сарапшы

Сырым Қаржас
фото: rambler.ru

Қазақстан мұнай өндіру квотасын бұзудың салдарынан құтыла алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мамыр айында ОПЕК+ ұйымының сегіз негізгі елі мұнай өндіруді тәулігіне бірден 411 мың баррельге арттырды. Бұл өткен аймен салыстырғанда үш есе көп. Себеп – қорлардың тапшылығы және Brent маркалы мұнай бағасының төмендеген (59 доллардан).

ОПЕК+ құрамында 22 мемлекет бар. Олардың тек сегізі ғана қатаң шектеулерді сақтайды. Енді солардың қатарындағы Ресей, Сауд Арабиясы және БАӘ қысымды азайтып, өндірісті ұлғайтуға шешім қабылдаған.

Мұнай өндіруді ең көп арттыратын ел – Сауд Арабиясы. Bloomberg мәліметінше, аталған мемлекет Қазақстанды квоталарды бұзғаны үшін жазалап, АҚШ-қа жан-жақты диалогқа дайын екенін білдіргісі келеді. Бұл, әсіресе, Дональд Трамптың алдағы сапары аясында маңызды.

ОПЕК+ жаңа ғана нарықты құлдыратты. Сауд Арабиясы Қазақстанды жазалауға және Трамптың бағаны төмендету талабын қолдауға ұмтылып жатыр, — деп келтіреді Bloomberg Rystad Energy компаниясының сарапшысы Хорхе Леонның сөзін.

Сарапшылар мұнай бағасы онсыз да төмендеп жатқандықтан, егер ОПЕК+ нарыққа барлық резервтік қуатымен шықса, бұл құлдырауға – барреліне 20 долларға дейін әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан альянс елдері нарық конъюнктурасы айтарлықтай өзгерсе, белсенділікті азайтуға дайын.

Бұған дейін Қазақстан ОПЕК+ форматы аясындағы халықаралық міндеттемелерді бұлжытпай сақтауға бейілді екенін растаған еді.