Қазсушармен келісіп алады – өңірлерде «су ұрлығы» тоқтамай тұр

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Аталған мәселенің барын әрі оның өзекті екенін мәжілістегі үкімет сағатында су ресурстары және ирригациялар министрі Нұржан Нұржігітов мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет сағатында депутат Ерлан Сайыров оңтүстіктегі ең негізгі мәселе – суды негізсіз пайдалану екенін айтты. Оның сөзінше, “Қазсушар” мекемесінің менеджментіне байланысты мәселе туындаған.

Өңірлерге барған кезде сол мекеменің азаматтары жергілікті халыққа заңсыз береді деген ақпарат бар. Осы мәселені қашан жоясыздар? Жылына су ресурстарының 40 пайызы заңсыз кетеді екен. Бұл қалай? Ірі жобаларды іске асырмас бұрын бар суды шаруашылыққа үнемді пайдалану мәселесін көтеруіміз керек. Сіздер әлі күнге дейін бар суды үнемдеу механизмін реттеген жоқсыздар, – деді Ерлан Сайыров министрге қарата.

Бұл сұраққа жауап берген Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстанда екі су қоймасы салынатынын айтты.

Қара нарыққа байланысты айтқаныңыз рас. Бүгінгі күні бүкіл республика көлемінде Қазсушармен келісімшарт жасамай, суды алу деген мәселелер бар. Біз оны қалай шешіп жатырмыз? Қазсушар мекемесімен қазір келісімшарттарды жасауды электронды форматқа көшіріп жатырмыз. Себебі электронды түрге көшірсек, қадағалау мәселесі реттеледі. Одан бөлек өзіміздің ақпараттық талдау орталығы арқылы шаруа қожалық суды келісімшартқа сай алды немесе көп алды, кассаға қанша ақша түсті немесе түскен жоқ деген мәселені космомоториң арқылы енгізейін деп жатырмыз. Ол жалпы 100 пайыз проблеманы шешпейтін шығар. Бірақ бізге үлкен құрал ретінде жәрдем көрсетеді, – дейді ол.

Министрдің сөзінше, тиісті комитет құрылып, бассейн инспекциясының бәрі комитетке берілген. “Біз оның штатын бір жарым есе ұлғайттық. Көлік, ноутбуктар әпердік. Жаңа су кодексі күшіне енген кезде қадағалау және бақылау функциялары берілген соң тиісті жұмыстар атқарылады” дейді ол.