Суға зар халық тасаттық беріп, тәңірге жалбарынып отыр – депутат

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Депутат Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысының бірнеше ауданы қуаңшылықтан зардап шегіп, амалсыздан тасаттық беріп жатқанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Сәдібековтің сөзінше, биыл елдің біраз өңірін қуаңшылық жайлап, тұрғындардың тыныс-тіршілігіне едәуір қиындық әкелген. Әсіресе Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ аудандарына қуаңшылық салдары өте ауыр тиіп жатыр. Шөп шықпай, жайылымдардың қурап кетуі су көздерінің тартылуы күнделікті тұрмысқа тікелей  әсер етіп отыр.

Малға азық табу мұңға айналған халық күнде тасаттық беріп, тәңірге жалбарынып отыр. Кеше ғана Бәйдібек ауданындағы егіннің басында болдым. Енді жаңбырдан күдерін үзіп, еккен егініміз комбайн орағына ілінсе екен деп құдайдан тілеп отыр. Су үнемдеу жолдары неге халық арасында кеңінен қолданылмай жатыр,  деп сұрады депутат.

МИНИСТРДІҢ ЖАУАБЫ

Бұл сұраққа жауап берген су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов былтыр су үнемдеу жүйесін енгізген шаруаларға төленетін субсидия көлемін көтергендерін айтты. Оның сөзінше, субсидия төленетін шығын көлемі 50-ден 80 пайызға көтерілген. Оның 30 пайызы жергілікті әкімдік бюджетінен беріледі. Су үнемдеу технологияларын енгізген шаруа қожалықтарына берілетін субсидия 2027 жылға дейін шығындардың 85 пайызына дейін өседі. Ал су үнемдеу технологиясын енгізбегендерге берілетін ағын су алу субсидиясы 30 пайызға дейін түседі.

Нұржігітов мемлекет ереже мен заңдар негізінде су үнемдейтін технологияларды енгізуге балық мүмкіндіктерді жасап отырғанын айтты.

Су үнемдеу құралдарын шығаратын екі зауытымыз бар. 2024 жылы іске қосылған.  Толық қуатын енді шығайын деп отыр.  Былтыр жаңбырлатып суару жүйесі 70 мың гектарға орнатылса,   соның 7 мың гектарын отандық зауыттар шығарды. Биыл осы зауыттарға 30 мың гектар жерге қажетті тапсырыс түсті, - дейді ол.

Су ресурустары мәселесі үкімет сағатында әлі де талқыланып жатыр.