Қазақстандық су мамандары Қытайға не үшін және кімнің есебінен барып жүр

Сымбат Сатыбалдина
Фото: mid.ru

Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қытаймен жасалған меморандумның егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Меморандум Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытай Халық Республикасының су шаруашылығы министрлігі арасында жасалған. Нұржігітовтің айтуынша, құжат трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимылға бағытталған. Бұған қоса, меморандумда мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы ынтымақтастық та қарастырылған.

– Біз ол жаққа (Қытайға) екінші топты жіберіп жатырмыз. Әр топта 30 адам бар, олар Қытай Халық Республикасының кәсіпорындарында екі апта бойы оқудан өтеді. Бұл оқыту толығымен Қытай бюджетінен қаржыландырылады. Яғни біз бір тиын да төлемейміз. Барлығы 120 маман біліктілігін арттыру курсынан өтеді, – деді министр.

Сондай-ақ, Нұржігітов Қазақстан мен Қытай арасында су ресурстарын пайдалану жөнінде келісім бар екенін атап өтті.

– Бұл келісім – негізгі құжат. Енді біз осы ресурстарды қалай әділ бөлу керектігіне қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз, кімге қанша су тиесілі екенін нақтылауымыз қажет, – деді министр.