Бішкек қаласындағы №33 мектеп-гимназияға қазақ жазушысы, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Kaktus.media мәліметінше, бұл туралы ел президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Асхат Алтаев хабарлады.
Оның айтуынша, бұл бастама Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа тиесілі. Жапаров бұл шешім туралы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресейге жұмыс сапары кезінде жеке өзі айтқан.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Кемел Тоқаев сол кездегі Фрунзе қаласындағы қазіргі №33 мектеп ғимаратында орналасқан әскери жаяу әскер училищесінде оқыған. Кейін дәл осы жерден ол майданға аттанған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Кремль Владимир Путиннің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның әкесіне арналған марапат парағын тапсырған сәтінен видео жариялаған болатын.
Ресей басшысы Тоқаевқа оның әкесі – жазушы әрі соғыс ардагері Кемел Тоқаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы марапат парағын табыстады.
Құжатқа сәйкес, ол Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда бұл атақ берілмеген. Кемел Тоқаев Польша аумағындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған.
КЕМЕЛ ТОҚАЕВ КІМ БОЛҒАН
Кемел Тоқаев – қазақ кеңес жазушысы, редактор, қазақ прозасындағы детектив жанрының негізін қалаушы. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол – Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі.